Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен «дөңгелек үстел» форматында кездесу өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, қытайлық серіктестерге өзара сенім мен тиімді ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді.

Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстар бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтеріліп, екі ел өзара ықпалдастықтың жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам басты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жетістіктердің негізінде мемлекеттер арасындағы саяси сенім, шынайы достық және ортақ даму ұстанымы жатқанын айтып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің екіжақты стратегиялық серіктестікті нығайтудағы үлесін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың тұрақты өсім көрсетіп отырғанына тоқталды. Былтыр екіжақты тауар айналымы 49 миллиард АҚШ долларына жетіп, тарихи рекорд орнатты. Сонымен қатар Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция құйып, елімізде қытай капиталының қатысуымен 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді.

Президент қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға ерекше тоқталды. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен газ-химия кешені, Fufeng Group-пен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group-пен мақта-тоқыма кластері салынуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесудің Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында Шанхай қаласында өтуінің символдық мәніне назар аударып, Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы басымдықтарын таныстырды. Президент жасанды интеллектті елдің ұзақмерзімді экономикалық өсімінің негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастыратынын айтып, халықаралық технологиялық компанияларды Қазақстанның заманауи цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.