Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында China Communications Construction Company (CCCC) компаниясының президенті Чжан Биньнаньмен кездесті. Кездесу барысында көлік-логистика, инфрақұрылым және энергетика салаларындағы стратегиялық маңызы бар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы CCCC компаниясының Қазақстан нарығында көп жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтіп, оның күрделі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы мол тәжірибесіне жоғары баға берді. Президенттің айтуынша, компания өзін сенімді әрі кәсіби серіктес ретінде дәлелдеп, еліміздің көлік және құрылыс салаларын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Кездесу барысында Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысына ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік байланысын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық жүк тасымалының көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік беретін стратегиялық бастама екенін айтты. Президенттің пікірінше, аталған теміржол бағыты өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Тараптар Каспий теңізінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорын құру мәселесін де қарастырды. Мемлекет басшысы мұндай жоба Каспий маңы елдері мен басқа да мемлекеттер үшін қауіпсіз теңіз қатынасын қамтамасыз ететін өңірлік орталықтың қалыптасуына негіз болатынын атап өтті. Бұл бастама теңіз инфрақұрылымын дамытуға және халықаралық логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Кездесуде энергетика саласындағы перспективалы жобаларға да ерекше мән берілді. Президент Қазақстандағы алғашқы гидрожинақтаушы электр станциясының құрылысын бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойылғанын құптап, бұл жобаның ұлттық энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және энергия қауіпсіздігін арттыруға маңызды үлес қосатынын айтты.