Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компанияларының басшылары қатысқан дөңгелек үстел барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық, өндірістік және технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылып, оларды салтанатты түрде алмасу рәсімі өтті.
Қол қойылған келісімдер цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, автокөлік өндірісі, қаржы және инфрақұрылым салаларын қамтып, екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Huawei Technologies Co., Ltd. арасында стратегиялық серіктестік туралы келісім жасалды. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ мен Huawei Technologies компаниясы технологиялық шешімдер мен заманауи жабдықтарды сатып алу жөніндегі келісімге қол қойды.

Дөңгелек үстел барысында «Самұрық-Қазына» АҚ, Freedom Holding, Астана қаласының әкімдігі және Geely Auto Group арасында Қазақстанда электр көлігі инфрақұрылымын дамыту және автомобиль өнеркәсібінде жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды.
Қаржы және өнеркәсіп салаларында да маңызды келісімдерге қол жеткізілді. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен China Central Depository & Clearing Co., Ltd. арасында офшорлық облигациялар эмитенттеріне қызмет көрсету туралы келісім бекітілсе, «Qarmet» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және Acre Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation арасында жаңа кокстық батареялар кешенін салуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Автомобиль жасау саласында «Аллюр компаниялар тобы» АҚ мен Li Auto Inc. арасында Li Auto автокөліктерін өндіру жобасы бойынша өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Astana Group пен Chery Holding Group Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында OMODA және JAECOO автокөліктерін шығару жөніндегі техникалық-лицензиялық келісімді бекітті.