Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында әлемдегі жетекші жоғары технологиялық компаниялардың бірі – Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэйбинмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жоғары технологиялар, цифрлық экономика, жасанды интеллект және инновациялық өндіріс салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстанның экономиканы цифрлық трансформациялау бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтіп, жасанды интеллект, жоғары технологиялық өнеркәсіп және инновациялық экожүйені дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Орталық Азияда Xiaomi брендіне деген сұраныстың тұрақты өсіп келе жатқанына назар аударды. Осыған байланысты Президент компанияның технологиялық әлеуеті мен халықаралық тәжірибесін ескере отырып, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеуіш қуаттар, «бұлтты» технологиялар, цифрлық платформалар және инновациялық шешімдер бағытында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Өз кезегінде Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэйбин компанияның стратегиялық даму жоспарымен таныстырып, Қазақстанның өңірдегі маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, корпорация Қазақстан мен Орталық Азия нарығындағы дистрибуциялық жүйені жетілдіруге, жоғары технологиялық өнімдердің қолжетімділігін кеңейтуге және өңірлік қатысуын күшейтуге ниетті.
Кездесу барысында күрделі жасанды интеллект жүйелерін дамыту мен оларға қызмет көрсететін жоғары білікті жергілікті мамандарды даярлау мәселелері де талқыланды. Тараптар бұл бағыттағы ынтымақтастықтың кадрлық әлеуетті арттыруға және жаңа технологияларды тиімді енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның электромобиль өндірісін, аккумулятор жасау саласын дамытуға және интеллектуалдық көлік жүйелерін енгізуге ерекше қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы аталған бағыттардағы бірлескен жобалар елдің технологиялық әлеуетін арттырып, өнеркәсіптің жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты.