Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында әлемдегі аккумулятор өндірісі саласының көшбасшысы саналатын Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) компаниясы директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жоғары технологиялар, жасыл энергетика және аккумулятор өндірісі салаларындағы ұзақмерзімді стратегиялық ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және инвестиция тарту бағытындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына тоқталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев CATL компаниясының Қазақстан аумағында электромобильдерге арналған аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салу жөніндегі бастамасын жоғары бағалап, бұл жобаның елдің индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған кәсіпорын іске асқан жағдайда Орталық Азиядағы осындай ауқымдағы алғашқы өндіріс орны болмақ.
Мемлекет басшысы Қазақстанның табиғи ресурстық әлеуетіне назар аударып, еліміз шикізатты өндіру мен өңдеуден бастап, жоғары технологиялық дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруға барлық мүмкіндігі бар екенін айтты. Бұл өз кезегінде қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде CATL директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзянь Қазақстанды компанияның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын жеткізді. Оның айтуынша, CATL Қазақстанмен аккумулятор өндірісі, энергия сақтау жүйелері және инновациялық технологиялар салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.
Сонымен қатар компания басшысы CATL-дің озық технологиялары Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсатын іске асыруға елеулі үлес қоса алатынын атап өтті.