Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз өткізді. Кездесу барысында тараптар қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысуға шақырғаны үшін Си Цзиньпинге алғыс айтып, мұндай беделді халықаралық форумның Шанхай қаласында өтуінің символдық мәніне ерекше тоқталды. Сонымен қатар Президент Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына орай ҚХР Төрағасын құттықтап, Қытайдың соңғы жылдардағы қарқынды дамуы мен әлемдік аренадағы беделінің артуын жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің көреген басшылығының арқасында Қытайдың жаһандық ықпалы күшейіп, ауқымды реформалар табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті. Президент Қазақстанның Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға әрдайым мүдделі екенін айтып, екі ел арасындағы саяси диалогтың соңғы жылдары жаңа сапалы деңгейге көтерілгеніне назар аударды.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың нәтижелері жоғары бағаланды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Осы уақытқа дейін Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салған. Ал өткен жылы екіжақты тауар айналымы 49 миллиард долларға жетіп, тарихи рекорд орнатты. Қазіргі таңда Қазақстанда қытай капиталының қатысуымен 8,5 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларында көптеген ірі бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
Президент мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Былтыр Қазақстанға бір миллионнан астам Қытай азаматы келген. Екі елдің астаналарында мәдени орталықтар ашылып, Қазақстандағы Лу Бань шеберханалары білім беру және маман даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың тиімді үлгісіне айналды.