Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысы өңірлік ынтымақтастықты нығайту, өзара сенімді арттыру және мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Президент кездесуді ұйымдастыру бастамасын көтеріп, қатысушыларды дәстүрлі қонақжайлықпен қарсы алғаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен қырғыз халықтарын ғасырлар бойы қалыптасқан достық, туыстық және өзара қолдау құндылықтары біріктіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қырғызстанның тұрақты дамуы мен өркендеуі бүкіл Орталық Азияның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына және баянды дамуына тікелей ықпал етеді.

Мемлекет басшысы «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуын тарихи жетістік деп бағалады. Аталған құжат өңір елдерінің өзара сенімге, құрметке және ортақ жауапкершілікке негізделген ынтымақтастығының берік саяси негізін қалыптастырады. Президент осы маңызды құжатқа қосылғаны үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шарт ережелерін іс жүзінде жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды. Бұл жоспар достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық байланыстарды дамытуға нақты бағдар беруге тиіс.
Президент Әзербайжанның Консультативтік кездесулердің толыққанды мүшесі болуы форматтың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсететінін айтты. Оның пікірінше, бұл шешім саяси диалогты тереңдетуге, энергетика, өнеркәсіп, инвестиция және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды кеңейтуге мүмкіндік береді.