Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысты.
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде қатысушыларды дәстүрге сай айрықша ықыласпен қарсы алып, бейресми кездесуді өткізу туралы бастама көтергені үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа шынайы ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен қырғыз халықтарын ғасырлар бойы қалыптасқан туыстық, достық, өзара сенім мен қолдау байланыстыратынын атап өтті. Президент Қырғызстанның соңғы жылдардағы қарқынды дамуына жоғары баға беріп, бауырлас елдің әрбір жетістігі бүкіл Орталық Азияның тұрақтылығы мен орнықты дамуына оң ықпал ететінін жеткізді.
– Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бейресми кездесу өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға, мемлекеттер арасындағы көпқырлы серіктестіктің алдағы басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі байланыстың жандануы мемлекеттердің бауырлас халықтардың игілігі мен тұтас өңірдің өркендеуі жолындағы ортақ ұмтылысын көрсететінін жеткізді.
Мемлекет басшысы «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуын тарихи жетістік деп бағалады.
Президенттің айтуынша, аталған құжат өңір мемлекеттері арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін айқындап, өзара сенімге, құрметке және ортақ жауапкершілікке негізделген ынтымақтастықтың берік саяси негізін қалыптастырады.
Кездесу Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.