Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуі өз жұмысын қорытындылады. Жиын барысында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайту, өзара тиімді серіктестікті дамыту және мемлекеттер арасындағы достық пен тату көршілік байланыстарды тереңдету мәселелері талқыланды.
Кездесуде Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Мемлекеттер басшылары өз сөздерінде Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы саяси диалогтың және экономикалық ықпалдастықтың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік және логистика бағыттарын дамыту, энергетика, инвестиция, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері сөз болды.
Тараптар өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздықты қамтамасыз ету, мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайту және ортақ бастамаларды бірлесіп жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ халықтар арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды одан әрі тереңдетуге ерекше мән берілді.
Кездесудің негізгі қорытындыларының бірі – Шолпан-Ата декларациясының қабылдануы болды. Аталған құжат мемлекеттер арасындағы достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған ортақ ұстанымдарды айқындайды.
Декларация өңір елдерінің өзара ықпалдастығын күшейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық деңгейдегі әріптестікті дамытуға негіз болатын маңызды саяси құжат ретінде бағаланды.
Бейресми Консультативтік кездесу Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық байланысты нығайтуға, ортақ мүдделерге негізделген жаңа бастамаларды ілгерілетуге және өңірдің орнықты дамуына бағытталған ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.