Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласындағы соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь ғимаратының қасбетіне орнатылған майдангер Кемел Тоқаевтың ескерткіш тақтасына гүл шоғын қойды.

Мемлекет басшысы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, олардың ерлігі мен Отан алдындағы қызметіне құрмет көрсетті.

Аталған медицина мекемесі соғыс жылдарында жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсеткен маңызды нысандардың бірі болған. 1941 жылдың шілде айынан бастап бұл госпитальда майдан даласында жарақат алған 150 мыңға жуық сарбаз бен офицер ем қабылдаған.

Олардың арасында Қазақстан Президентінің әкесі, белгілі майдангер және қаламгер Кемел Тоқаев та болған. Ол осы госпитальда 1945 жылдың ақпан айынан маусым айына дейін емделген.

Кемел Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майдан жолынан өткен ардагерлердің бірі. Оның өмір жолы соғыс жылдарындағы ауыр кезеңмен сабақтасып, кейінгі шығармашылық қызметінде де тарихи оқиғалар мен адам тағдыры кеңінен көрініс тапты.

Гүл қою рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев майдангерлерге арналған Омбы госпиталінің құрылу тарихымен және оның соғыс жылдарындағы қызметімен танысты. Президентке медициналық мекеменің жаралы жауынгерлерді емдеу және олардың денсаулығын қалпына келтіру бағытында атқарған жұмыстары туралы ақпарат берілді.

Мемлекет басшысының бұл сапары майдангерлердің ерлігі мен тарихи жадыға деген құрметтің айқын көрінісі болды. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен азаматтарды ұлықтау, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ тарихи мұраны сақтаудың маңызды бөлігі.

Тағзым рәсімі соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткерген ұрпаққа құрмет білдірумен қатар, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруға бағытталған тағылымды шара болды.