Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты күн тәртібінің ауқымды мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы қаласында көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, ХХІІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы кездесу екі ел арасындағы жан-жақты диалогты жалғастыруға және алдағы міндеттерді нақтылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің ірі сауда серіктестері екенін айтып, өткен жылы екіжақты сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрағанына назар аударды. Биылғы бес айда өзара сауда қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
Президенттің айтуынша, Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салатын жетекші мемлекеттердің бірі. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жеткен. Сонымен қатар екі ел жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімін қалыптастырған. Оның 122-сі қазірдің өзінде іске асырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да жоғары баға берді. Президент Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын бірлесіп салу жобасының қазіргі жағдайы да сөз болды. Мемлекет басшысы Балқаш көлі маңындағы нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын айтты.
Президент бұл жобаның энергетикалық маңызымен қатар, екі елдің халықтары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Ресейдің көмегімен техникалық кадрлар мен атом индустриясында еңбек ететін қазақстандық мамандарды даярлауға ерекше мән берілетінін жеткізді.
Кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.