Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Омбы қаласында өтіп жатқан XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты.

Биылғы форум «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналды. Басқосу барысында екі ел арасындағы өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және көлік-логистика саласындағы жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, соның ішінде әкесі Кемел Тоқаев туралы тарихи естеліктерді сақтауға ерекше мән беріп отырғаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге және Омбы облысының басшылығына ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Кемел Тоқаевтың Екінші Беларусь майданы құрамында соғысқа қатысып, Польша аумағында ауыр жараланғаннан кейін Омбы қаласында емделгенін атап өтті.

Президент Қазақстан мен Ресей өңірлерінің өзара ықпалдастығы екіжақты қарым-қатынастың мазмұнын байытып, стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамуына тың серпін беріп отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде екі мемлекет арасындағы байланыстар жаңа деңгейге көтерілді. Бұл мемлекеттер басшыларының, үкіметтердің, парламенттердің және жергілікті билік органдарының жүйелі жұмысының нәтижесі.

Президент былтыр Ресейге жасаған мемлекеттік сапары мен Владимир Путиннің биыл Қазақстанға келген сапары екіжақты қатынастар үшін тарихи мәнге ие болғанына назар аударды.

Мемлекет басшысы Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтаған. Ал биылғы бес айда өзара сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 10 пайызға артқан.

Форум Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде бағаланды.