ХХІІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге сауда және көлік-логистика салаларындағы бірқатар цифрлық жобалар таныстырылды.

Ұсынылған бастамалар тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, тасымалдау үдерістерін цифрландыруға, логистикалық операциялардың тиімділігін арттыруға және автокөлік тасымалының қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Атап айтқанда, мемлекеттер басшыларына тауар айналымын бақылауға және өнімнің шығарылған жерін растауға мүмкіндік беретін цифрлық таңбалау жүйесінің мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ тасымалдау үдерісіне қатысушылардың жұмысын бір ортаға біріктіретін Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы таныстырылды.

Бұдан бөлек, президенттер AI Jol жобасымен танысты. Аталған жүйе жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, көлік ағынына үздіксіз талдау жүргізуге, жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруға және ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук сыртқы сауда тиімділігін арттыру және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге екі ел арасындағы теміржол, автокөлік және авиа қатынасын дамыту бойынша қолға алынған бірлескен шаралар туралы ақпарат берілді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей шекарасындағы көлік өткізу пункттерін екі тараптан бірдей жаңғырту перспективасына да ерекше назар аударылды.

Ұсынылған цифрлық жобалар сауда рәсімдерін жеңілдетуге, транзиттік әлеуетті арттыруға және Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.