Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге символдық мәні бар ерекше сыйлық – қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлиханов пен орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский бейнеленген картинаны тарту етті.
Бұл туынды Қазақстан мен Ресей халықтарының тарихи және рухани байланысын айшықтайтын маңызды нышан ретінде ерекше мәнге ие. Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің арасындағы достық – екі халықтың мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасының тарихындағы жарқын мысалдардың бірі.
ХІХ ғасырда өмір сүрген қос тұлғаның өзара сыйластыққа, рухани жақындық пен ортақ құндылықтарға негізделген байланысы олардың хаттарынан және өмірбаяндық деректерінен көрініс тапқан. Шоқан Уәлихановтың ғылыми ізденістері мен ағартушылық идеялары, Федор Достоевскийдің әлем әдебиетіндегі орны екі елдің мәдени мұрасында айрықша бағаланады.
Президенттің Владимир Путинге дәл осы тарихи тұлғалар бейнеленген картинаны сыйға тартуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени және рухани сабақтастықтың символдық көрінісі болды.
Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықпен ғана шектелмей, білім, ғылым, мәдениет пен гуманитарлық байланыстарды да қамтиды. Екі халықтың ортақ тарихи мұрасын дәріптеу осы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі саналады.
Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің достығын бейнелейтін туынды халықтар арасындағы өзара құрметтің, мәдени жақындықтың және достық дәстүрінің белгісі ретінде бағаланады.
Символдық сыйлық Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікпен қатар, қос халықтың тарихи және мәдени байланыстарының терең тамырға ие екенін тағы бір мәрте көрсетті.