Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Агенттіктің биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде есеп берілді.

Жанат Элиманов 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 миллиард теңге көлеміндегі залал өтелгенін баяндады. Сонымен қатар жеті қылмыстық топтың, оның ішінде төрт трансұлттық топтың және 176 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің қызметі тоқтатылған.

Есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірісті жылыстатуға пайдаланылған 12 астыртын криптоайырбастау пункті жойылып, өз есепшоттары арқылы 113 миллиард теңге өткізген 36 дропперлік топ анықталды.

Агенттік төрағасы ТМД аумағында алғаш рет фишинг SMS-хабарламаларды жаппай таратуға және дербес деректерді заңсыз иемденуге арналған арнайы құрылғыны пайдаланған тұлғалардың ұсталғанын жеткізді.

Кездесуде бюджет шығыстарын бақылау мәселесіне де ерекше назар аударылды. 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 миллиард теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеген. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 миллиард теңге мемлекет қаржысын жымқыру қаупі анықталған.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу мақсатында жеке клиникалардың 140 мың азаматқа қатысты жалған тіркеу мәліметтерін көрсеткені белгілі болды.

Бұдан бөлек, заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунт, алаяқтық мақсатта ашылған 2,3 мың ресурс және 35 мыңнан астам мүшесі бар 25 чат бұғатталды.

Қаржылық сауаттылықты арттыру іс-шараларына 245 мыңнан астам азамат қатысты. Салалық заңнаманы жетілдіру нәтижесінде Қазақстанның ФАТФ-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша рейтингі жақсарды.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігі қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.