Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы жарысқа қатысушылар мен мәртебелі меймандарды Қазақстан астанасына қош келдіңіздер деп қарсы алып, бұл дода елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын тарихи маңызы зор іс-шара екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, «Болашақ ойындары» Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай халықаралық деңгейдегі ауқымды жарысты өткізу еліміз үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға және жарысқа қатысушы барлық спортшыларға арнайы құттықтау жолдағанын айтып, Ресей көшбасшысына жылы лебізі үшін ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ашылу салтанатына қатысқан Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтты.

Президент «Болашақ ойындары» Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан маңызды халықаралық жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, бастама қысқа уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі беделді спорттық сайысқа айналып үлгерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы «Болашақ ойындарының» Қазан қаласында ұйымдастырылғанын, одан кейін жарыс Абу-Дабиде жалғасын тапқанын еске салды. Енді халықаралық доданың Астанада өтуі Қазақстанның ірі спорттық және технологиялық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға қабілетті екенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы «Болашақ ойындарының» жастарды спортқа, заманауи технологияларға және жаңа форматтағы бәсекеге ынталандыратын бірегей жоба екенін атап өтті.

Президент халықаралық сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың елдер арасындағы өзара түсіністік пен достық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.