Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитінде сөз сөйлеп, ұйымның халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Әзербайжан тарапының АӨСШК-ге төрағалығы аясында диалогты дамытуға, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыстарын жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін АӨСШК-нің орны ерекше екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Азия кеңістігінде өзара сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аталған форумды құру туралы бастама көтерген болатын.
«Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бастапқыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға айналды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ұйымның ауқымы мен әлеуетіне де тоқталды. Бүгінде АӨСШК-ге мүше мемлекеттер Азия құрлығы аумағының шамамен 90 пайызын қамтиды. Сонымен қатар бұл елдерде әлем халқының жартысынан астамы тұрады. Мемлекет басшысы мұндай көрсеткіштер ұйымның халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайтынын атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіз әрі өркендеген Азия құру жолындағы ортақ ұмтылыстың маңызын баса айтты. Оның пікірінше, АӨСШК-нің басты қозғаушы күштерінің бірі – болашаққа сеніммен қарайтын және ортақ мақсаттарға ұмтылатын жастар.
Саммит барысында Лаостың АӨСШК құрамына қосылуы да аталып өтті. Мемлекет басшысы бұл жаңалыққа қуанышын білдіріп, ұйым аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бастамалардың маңызын атап көрсетті.
АӨСШК мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға, өзара түсіністікті дамытуға және Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды халықаралық диалог алаңы болып қала береді.