Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде көлік-логистика саласының Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан үшін заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – елдің транзиттік әлеуетін арттыратын стратегиялық бағыт.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні зор ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы жолды тіршіліктің күретамырына теңеп, бұл саланы дамытуға мемлекет тарапынан әрдайым ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Президент Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтардың біріне айналдыру басты мақсаттардың бірі екенін айтты. Географиялық тұрғыдан Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды көпір саналатын еліміз арқылы Батыс пен Шығыс арасындағы құрлықтық жүк тасымалының елеулі бөлігі өтеді.

Осыған байланысты озық әрі тиімді көлік инфрақұрылымын қалыптастыру Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуындағы маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Атап айтқанда, өткен жылы «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, оның нәтижесінде жүк тасымалы көлемі бес есеге артқан. Сонымен қатар Алматыны айналып өтетін теміржол желісі жұмысын бастап, жүк жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

Президент осындай ірі жобалардың барлығы отандық мамандардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті. Бұл Қазақстанның инженерлік және техникалық әлеуетінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Жаңа автожол жобалары ел өңірлерінің көлік байланысын жақсартып, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге және экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Аталған бастамалар Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, ел экономикасының тұрақты дамуына жаңа серпін бермек.