Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономиканы дамыту және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Павлодар облысында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» (Data Center Valley) жобасының барысына арналған жиын өткізді.

Жиын барысында жобаны іске асырудың қазіргі кезеңі, құрылыс жұмыстарының қарқыны және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері қаралды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндама жасады.

Қазіргі таңда қуаты 50 МВт болатын «ДӨО алқабының» бірінші нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Энергия орталықтары мен жасанды интеллект фабрикаларының ғимараттарына арналған қазаншұңқырларды әзірлеу жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Сонымен қатар энергия орталықтарының іргетасын қалау басталып, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттардың құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бастамалардың бірі саналады. Оның іске қосылуы елдегі деректерді сақтау және өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, жасанды интеллект технологияларын енгізуге қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жоба аясында жоғары технологиялық нысандарды орналастырумен қатар, олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл өз кезегінде цифрлық қызметтерге сұраныстың артуына және жаңа технологиялық жобалардың дамуына жағдай жасайды.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты ұйымдарға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды, инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуді және жобаның іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«ДӨО алқабының» жүзеге асырылуы Қазақстанның цифрлық экономикасын нығайтып, жасанды интеллект пен жоғары технологиялар саласындағы жаңа мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.