Астанада Халықаралық жастар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Елорда төріне еліміздің барлық өңірінен 3 мыңға жуық белсенді жас жиналды. Олардың қатарында волонтерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, жастар ұйымдары мен жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, өнерпаздар және спортшылар болды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арналған құттықтауы жеткізілді. Мемлекет басшысының құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

Президент өз құттықтауында жастардың ел дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалап, олардың қоғамды алға бастайтын негізгі қозғаушы күш әрі жасампаз идеялардың қайнар көзі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда қазақстандық жастардың халықаралық білім, ғылым және спорт додаларында ел намысын абыроймен қорғап жүргеніне назар аударды.

Салтанатты жиынның маңызды бөлігі «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жеңімпаздарын марапаттауға арналды. Еліміздің әр өңірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік бағыттар бойынша үздік деп танылған 30 жобаның авторы Астанаға арнайы шақырылды.

Жеңімпаздардың әрқайсысына өз жобаларын жүзеге асыруға арналған 3 миллион теңге көлеміндегі грант сертификаты табысталды. Бұл қолдау жастардың тың идеяларын нақты жобаларға айналдырып, олардың қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.

Аида Балаева жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда 1,5 миллионға жуық жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 23 мыңға жуық азамат өз кәсібін бастау үшін мемлекеттік грант алған.

Жастардың тұрғын үй мәселесін шешуге де жағдай жасалуда. «Наурыз», «Отау» және өңірлік ипотекалық бағдарламалар аясында 13 мыңға жуық жас баспаналы болуға мүмкіндік алды.

Жиын жастардың ел болашағына жауапкершілікпен қарап, білім, еңбек және инновация арқылы Қазақстанның дамуына белсенді үлес қосып келе жатқанын көрсетті.