Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдап, 2026 жылғы қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қорытындылары туралы есепті тыңдады.

Кездесу барысында Тимур Сүлейменов ел экономикасындағы ахуал, іскерлік белсенділік, инфляцияға әсер ететін негізгі факторлар және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.

Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілде айында 10,2 пайызды құраған. Бұған жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтыну белсенділігінің тұрақтануы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы кешенді шаралары ықпал еткен.

Экономиканы кредиттеу динамикасы да оң көрсеткіштермен сипатталады. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген кредиттерінің несие портфелі бір жыл ішінде 17,1 пайызға өскен. Шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдеген. Ал тұтынушылық кредиттердің өсімі жыл басындағы 21 пайыздан 13 пайызға дейін баяулаған. Бұл қабылданған пруденциялық шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Кездесуде валюта нарығындағы ахуал, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің жай-күйі және елдің алтын-валюта резервтері де талқыланды. 1 шілдедегі дерек бойынша Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127,3 миллиард долларға жетті.

Сонымен қатар Alatau City қаржы экожүйесін дамыту, цифрлық қаржы активтері индустриясын қалыптастыру және Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері қаралды.

Тимур Сүлейменов трансшекаралық төлемдерде стейблкоиндерді пайдалану, токенделген мемлекеттік активтер шығару және жаңа төлем ұйымдарын енгізу бағыттары туралы айтты. 19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі арқылы банктер арасында QR төлемдер мен телефон нөмірі бойынша ақша аударымдары іске қосылған. Жүйе арқылы 6,5 миллион операция орындалып, олардың жалпы сомасы 170 миллиард теңгені құрады.

Президент Ұлттық банкке инфляцияны одан әрі тұрақтандыру және орта мерзімде оның деңгейін 5 пайызға дейін төмендету жөніндегі шараларды жалғастыруды тапсырды.