Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновті қабылдады. Кездесу барысында ведомствоның атқарған жұмыстары, азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту барысы және алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер талқыланды.

Шыңғыс Әрінов Президентке Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы екі жылда министрлік бөлімшелері 1,4 мыңнан астам жаңа техникамен, авиациялық құралдармен, заманауи құтқару жабдықтарымен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.

Бұл шаралар төтенше жағдайлар кезінде еліміздің барлық өңіріндегі құтқару қызметтерінің жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар министрлікке қарасты бөлімшелердің құрылымы жаңғыртылып, жаңа әмбебап құтқару құрылымдары, авиация және теңіз жасақтары құрылды.

Кездесуде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының жүзеге асырылуы да сөз болды. Бағдарлама аясында 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынған. Олар шамамен 700 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ халықты жаппай шұғыл хабардар ету жүйесін жетілдіру, Ахуалдық орталықтың мүмкіндіктерін кеңейту және табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін интеграциялау жұмыстары жалғасуда.

Министр ведомство қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларына да тоқталды. Құтқарушылар үшін тұрғын үй төлемдері қарастырылып, қызметкерлерге арналған арнайы тұрғын үй кластерін құру жобасы қолға алынған. Жоба өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару базаларына жақын жерде қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй кешендерін салуды көздейді.

Мемлекет басшысы министрліктің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмысын оң бағалады. Президент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудандық және ауылдық құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуды тапсырды.

Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу және елдегі өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.