Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет биылғы егін жинау науқанының тұрақты әрі тиімді өтуін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Қазіргі көрсеткіштер ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың қарқыны артқанын және қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелі екенін көрсетеді.

Биыл егін жинау жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда екі есе жылдам қарқынмен жүргізілуде. Бұл көрсеткіш шаруалардың маусымдық жұмыстарға алдын ала әрі жүйелі түрде дайындалғанын аңғартады.

Соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдеріне басымдық беріліп келеді. Бұған дейін жекелеген бағыттарды қаржыландыруға басымдық берілсе, бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің барлық кезеңін қамтитын кешенді қолдау жүйесі қалыптасуда.

Атап айтқанда, шаруаларды алдын ала қаржыландыру, қажетті ресурстарға жеңілдетілген шарттармен қол жеткізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, минералды тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды пайдалану көлемін арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекеттік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту. Заманауи техниканың көбеюі егін жинау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді уақытылы жинауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шаруашылықтарда заманауи агротехнологияларды енгізу жұмыстары күшейтілді. Бұл егістіктің өнімділігін арттырып қана қоймай, ресурстарды тиімді пайдалануға және өндіріс шығындарын оңтайландыруға жағдай жасайды.

Алдын ала дайындықтың сапалы ұйымдастырылуы диқандарға егін жинау науқанын белгіленген мерзімде әрі жоғары қарқынмен өткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Үкімет егін жинау науқанының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды жалғастырады. Негізгі мақсат – жиналған өнім көлемін арттырумен қатар, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына жағдай жасау, фермерлердің еңбек өнімділігін көтеру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.