Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады.
Кездесуде облыстың экономикалық өсімі, инвестиция тарту, өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелері баяндалды.
Нариман Төреғалиевтің айтуынша, соңғы үш жылда өңірлік жалпы өнім көлемі 13,6 пайызға өсіп, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 5 триллион теңгеге жеткен. Өткен жылдың қорытындысында облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 874,5 миллиард теңгені құрап, бір жыл ішінде 16,6 пайызға артқан.
Президент тапсырмаларының орындалуына да ерекше назар аударылды. Жуырда Қарашығанақ кен орнында жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайды. Сонымен қатар жыл соңына дейін Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылда жалпы құны 138 миллиард теңге болатын 121 әлеуметтік нысан салынған. Осы кезеңде 1542 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы «Тасқала» бекетінде осындай жоба басталады.
Бұдан бөлек, жаңадан салынған және жаңғыртылған төрт теміржол вокзалы пайдалануға берілді.
Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы жалпы өнім көлемі 320 миллиард теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
«Қаладан – ауылға» бағдарламасы бойынша мыңнан астам азамат ауылдық жерлерге қоныс аударды. 218 отбасы баспанамен қамтылып, қажетті әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Мемлекет басшысы өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруды, коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртуды және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.