Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің алғашқы форумы өз жұмысын бастады. Халықаралық іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылып, Достастық елдері арасындағы волонтерлік қозғалысты дамытуға, тәжірибе алмасуға және ортақ бастамаларды ілгерілетуге бағытталған.
Форум ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі негізінде Достастық елдерінің волонтерлік бастамаларын біріктіретін және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін жыл сайынғы тұрақты алаң ретінде құрылды. Бұл бастама азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, еріктілер қозғалысының әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы директоры Тойли Курбанов, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейітімов, сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен Достастық елдерінен келген делегациялар қатысты.
Форум жұмысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау сөзімен басталды. Мемлекет басшысының құттықтауын Аида Балаева оқып берді. Президент өз сөзінде волонтерліктің қоғамды біріктіретін маңызды күш екенін атап өтіп, еріктілердің әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық бағыттардағы еңбегіне жоғары баға берді.
Алғашқы форум аясында қатысушылар волонтерлік қозғалысты дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және еріктілер бастамаларын қолдау бағыттары бойынша пікір алмасады.
Аталған іс-шара ТМД кеңістігіндегі волонтерлер арасындағы байланысты күшейтіп, үздік тәжірибелерді ортақ пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаңға айналмақ. Қазақстанның бұл бастамасы еріктілік мәдениетін дамытуға және қоғам игілігіне бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруға серпін береді.