Шымкентте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мүмкіндігі кеңейіп келеді. Қала меншігіне өткен «Машат Арасан» балалар лагері 15 тамыздан бастап алғашқы он күндік ауысымға 281 баланы қабылдады.

Лагерьде әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан 7-16 жас аралығындағы балалар тегін демалып жатыр. Балалардың лагерьдегі шығыны толықтай қала бюджетінен қаржыландырылады.

Машат шатқалында орналасқан лагерь аумағында спорттық және шығармашылық демалысқа қажетті жағдай жасалған. Балалар футбол, баскетбол, волейбол, шахмат және дойбы үйірмелеріне қатысып, КВН, викторина және түрлі отрядтық іс-шараларға белсенді араласуда.

Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету үшін ауысымда тәжірибелі тәрбиешілер, жетекшілер және спорт мамандары жұмыс істейді. Сондай-ақ балаларға күніне бес мезгіл тамақ беріледі.

Алғашқы ауысым 25 тамызда аяқталады. Ал келесі жылдан бастап лагерьде сегіз ауысымға дейін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жайлы коттедждердің болуы алдағы уақытта балалар лагерінің жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Лагерьдегі демалыс бағдарламасы балалардың бос уақытын тиімді өткізуімен қатар, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Әр күнге түрлі танымдық, спорттық және мәдени іс-шаралар жоспарланып, балалардың өзара қарым-қатынасына, командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Табиғаты көрікті Машат шатқалында орналасқан лагерь балалардың таза ауада тынығып, табиғат аясында уақыт өткізуіне де мүмкіндік береді. Арнайы ұйымдастырылған серуендер мен спорттық ойындар балалардың белсенді демалысын қамтамасыз етіп, жазғы каникулды есте қаларлықтай өткізуіне жағдай жасап отыр.

«Машат Арасан» лагерінің қайта жаңғыртылып, қала меншігіне өтуі әлеуметтік санаттағы балалардың жазғы демалыспен қамтылуын арттыруға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта материалдық-техникалық базаны жетілдіру және қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы лагерьді балалардың жыл бойы демалатын заманауи сауықтыру орталығына айналдыру көзделіп отыр.