Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясы аясында ұйымдастырылған «Білім болашағы» көрмесін аралап көрді. Іс-шара білім беру саласын жетілдіруге бағытталған заманауи тәсілдер мен цифрлық шешімдерді таныстыруға арналды.

Көрме барысында Президентке білім беру жүйесінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану бағытындағы жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына «Талдау орталығының» жұмысы және жасанды интеллект негізінде әзірленген талдау құралдары көрсетілді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге арналған технологиялық шешімдермен танысты. Президентке педагогтің сабаққа дайындалуына көмектесетін WONK педагогтің АІ-ассистенті таныстырылды. Жоба мұғалімдердің уақытын тиімді пайдалануына, оқу материалдарын әзірлеуіне және білім беру үдерісін жетілдіруіне мүмкіндік беретін цифрлық құралдардың бірі ретінде ұсынылды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысына бастауыш сынып оқушыларына арналған цифрлық білім беру мүмкіндіктері көрсетілді. Атап айтқанда, Qalam AI, Beyim AI, TopIQ және E-OQULYQ платформалары қолданылатын 3-сыныптағы математика сабағының үзіндісі ұсынылды. Бұл шешімдер оқушылардың білімді меңгеру деңгейін арттыруға, оқу материалдарын заманауи форматта ұсынуға және педагог жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Көрме экспозициясында балалардың шығармашылық және зияткерлік дамуына арналған заманауи басылымдар да қойылды. Президент әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған үлгілерімен танысты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына оқушылардың ғылым, инженерия, робот техникасы және инновация салаларындағы жетістіктері таныстырылды. Жас ұрпақтың техникалық шығармашылығы мен зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған жобалар көрсетілді.

Көрме білім беру саласында инновациялық технологияларды кеңінен енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағыттарының маңызын көрсетті.