Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты таңдаулы сөздерінің жинағы кеңінен талқыланды.

«Қызғалдақ» конгресс-холында өткен алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ бизнес пен шығармашылық сала өкілдері қатысты. Президенттің ел дамуына қатысты байыпты пайымдары мен таңдамалы ой-толғамдары жинақталған жаңа басылым жиналғандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек модераторлық етті. Ол өз сөзінде Президенттің әр жылдардағы сөздерін тұтас динамикада көрудің маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының әр кезеңдегі ой-толғамдары бір арнаға тоғысқанда, елдің даму белестері мен бетбұрысты шақтары айқын көрініс табатынын атап өтті.

Жиында Ж.Ташенов атындағы университеттің Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Оңалбай Аяшев білім мен ғылымның маңызына тоқталды. Бүгінде білім ел дамуының басты басымдығына айналғанын айтқан ол жастардың мамандық таңдаудағы және ел болашағы алдындағы жауапкершілігін сөз етті. Ал Шымкент қалалық Тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Амангелді Иманқұлов ұлттық құндылықтар мен ана тілінің тағдырына тоқталды. Оның айтуынша, ана тілі — ұлттың жады мен ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі аудармашы Абай Қалшабек сөз қадірі мен жауапкершілігі туралы ой толғады. Қаламы қарымды қаламгер үшін әрбір сөз — адалдық пен шынайылықтың өлшемі екенін жеткізді.

Басқосуда «Әділетті қоғам тек заңдармен емес, азаматтардың бір-біріне деген сенімімен, жауапкершілігімен қалыптасады» деген пікір жиі айтылды. Тәуелсіздік жылдарындағы ел салған сара жолға үңілсек, қоғам мен экономика қанша өзгергенімен, әділеттілік, заңдылық пен білім сапасы әрдайым басты орында қала бермек.

Басылымда әділеттілік, заң үстемдігі, ұлттық бірегейлік, білім, цифрландыру және экологиялық мәдениет сияқты 21 негізгі бағыт қамтылған. Қатысушылардың айтуынша, жинақ заманауи мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарларын айқындап береді. Кітаптың жастар, мемлекеттік қызметшілер мен Ұлттық құрылтай депутаттары үшін де маңызы зор.