Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады.

Кездесу барысында Президентке қаржы нарығын реттеу мен дамытудың биылғы сегіз айдағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер жөнінде есеп берілді.

Мәдина Әбілқасымова банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толық жаңартылып, осы бағытта 80 нормативтік-құқықтық акті қабылданғанын баяндады.

Есепті кезеңде еліміздің банк секторы тұрақты өсім көрсеткен. Банктердің активтері 6,9 пайызға ұлғайып, 75,6 триллион теңгеге жеткен. Ал капиталдың жеткіліктілік деңгейі 20,7 пайызды құрады.

Агенттік қаржы нарығындағы бақылау мен қадағалау жұмыстарын да жалғастырып келеді. Биылғы сегіз ай ішінде қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізіліп, 190 қадағалау шарасы қолданылған. Заң талаптарын бұзғаны үшін жалпы сомасы 465 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығындағы бақылау күшейтілді. Аталған салада жұмыс істейтін 13 субъект лицензиясынан айырылып, алты субъектінің лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, төрт коллекторлық агенттік тиісті тізілімнен шығарылды.

Президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету және экономиканы қаржыландыруды кеңейту бағытындағы шаралар туралы да мәлімет берілді. Бизнеске берілген кредиттер 3,5 пайызға өсіп, 16 триллион теңгеге жетті. Ал кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредиттердің көлемі жыл басынан бері 19,1 пайызға артып, 12,5 триллион теңгені құрады.

Кездесуде қаржы секторын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Агенттік жасанды интеллект негізіндегі FinAI бірыңғай қадағалау платформасын құрған. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясын әзірлеу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал және сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.