Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қордың қызметі, негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің орындалуы, сондай-ақ еліміздегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы есепті тыңдады.
Нұрлан Жақыповтың айтуынша, 2026 жылы «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 3,2 триллион теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды түйіндеуді жоспарлап отыр.
Аталған жобалардың қатарында Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы, сондай-ақ Алтынкөл – Жетіген және Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскелерін жаңғырту жұмыстары бар.
Бұдан бөлек, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу, Алматыдағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы мен гибридті электр станциясын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар Астанадағы деректерді өңдеу орталығының құрылысы және Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Қор басшысы Президентке инвестициялық портфельдің алдағы жоспарлары жөнінде де баяндады. 2027–2029 жылдары энергетика, мұнай-газ саласы, көлік және цифрлық инфрақұрылым бағыттарында жалпы құны 21 триллион теңгені құрайтын 38 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Кездесуде Қордың әлеуметтік жобаларының орындалуына да ерекше назар аударылды. Медициналық және әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріліп, мүгедектігі бар балаларға арналған 55 орталық пен 46 инклюзия кабинеті ашылған. Сонымен қатар спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры жұмысының негізгі бағыттарына қатысты бірқатар міндет жүктеп, стратегиялық инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырудың маңызын атап өтті.