Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Корея Премьер-министрі Хан Сон Сук Alatau Smart City жобаларымен танысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сук Alatau Smart City жобасының даму жоспарларымен танысты. Іс-шара барысында заманауи әрі технологиялық тұрғыдан озық қала қалыптастыруға бағытталған негізгі бастамалар таныстырылды.

Жоба аясында заманауи қалалық инфрақұрылым құру, инвестиция тартуға қолайлы орта қалыптастыру, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және қаладағы қозғалыстың жаңа түрлерін дамыту мәселелеріне басымдық берілетіні айтылды.

Alatau Smart City жобасын жүзеге асыруда халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға ерекше мән беріліп отыр. Осы ретте корейлік ұйымдар мен компанияларды жобаның нақты бағыттарына тарту жөніндегі бастамалар ұсынылды.

Атап айтқанда, KIND, KAIST және Korea Airports Corporation ұйымдарымен бірлесіп K-Smart қалашығын құру, білім беру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту, цифрлық модельдеу жүйелерін енгізу, қалалық әуе қозғалысын ұйымдастыру және жасанды интеллект технологияларын пайдалану бойынша жобалар қарастырылды.

Кездесу барысында қаланың әуе қозғалысын басқарудың UAM/UTM жүйесі де таныстырылды. Заманауи жүйе қалалық ортада ұшқышсыз ұшу аппараттары мен аэротакси қызметтерін пайдалану мүмкіндіктерін қарастырады. Бұл бағыт көлік жүйесін жаңғыртып, қалалық мобильділіктің жаңа үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Alatau City жобасы бірнеше маңызды бағытты бір арнаға тоғыстырады. Оның қатарында қала құрылысы, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметі, өнеркәсіп пен логистика, цифрлық технологиялар және инвестициялық ынтымақтастық бар.

Жоба Қазақстанның жаңа технологияларды енгізу, инновациялық экожүйе қалыптастыру және халықаралық инвестиция тарту бағытындағы әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар білім беру мен зерттеу инфрақұрылымын дамыту арқылы заманауи мамандар даярлау және ғылыми әзірлемелерді практикалық жобаларға енгізу көзделеді. Alatau City халықаралық серіктестікке ашық платформа ретінде Қазақстан мен Корея арасындағы технологиялық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *