Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен кеңейтілген құрамдағы жоғары деңгейлі келіссөздермен жалғасты. Кездесуде екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-технологиялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Корея Президенті Ли Чжэ Мёңге Қазақстан делегациясын жылы қабылдағаны және сапарды ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның экономика, ғылым және технология салаларындағы жетістіктерін жоғары бағалап, елдің даму тәжірибесіне Қазақстан тарапының қызығушылықпен қарайтынын атап өтті.

Кездесу барысында генерал Хон Бом Доның тарихи мұрасына да ерекше назар аударылды. Қазақстан Президенті оның корей халқы үшін айрықша орны бар тұлға екенін айтып, Қызылорда қаласында генералдың есімімен аталатын көше беріліп, мемориалдық кешен ашылғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы өзара сенім мен достыққа негізделген стратегиялық серіктестікті болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөніндегі уағдаластықтың маңызын айтты.

Сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселесіне де басымдық берілді. Президенттің айтуынша, Корея Қазақстан экономикасына 12 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Кореяның ірі компаниялары елімізде табысты жұмыс істеп, түрлі өндірістік және инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келеді.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқаны айтылды. Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық Корея азаматы келген. Екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының дамуы туристік және іскерлік байланыстардың кеңеюіне ықпал етіп отыр.

Келіссөздер барысында Алатау қаласын дамыту жобасына да ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы қалада Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы келісімге қол қойылатынын атап өтті. Бұл бастама білім, ғылым және инновация салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *