Президент Корея Республикасының Премьер-министрімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесті. Президент Корея Үкіметінің басшысы болып тағайындалуымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі.

Кездесу барысында Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-корей қарым-қатынастарының тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің стратегиялық әріптестігі аясында өзара тиімді бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылуда. Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. Бүгінде елімізде корей капиталының қатысуымен 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Президент Қазақстанда корей компанияларының, соның ішінде ірі корпорациялармен қатар шағын және орта бизнес өкілдерінің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Бұл бағытта екі елдің үкіметтері арасындағы Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес маңызды рөл атқарып келеді. Сонымен бірге екіжақты ынтымақтастықтың берік құқықтық негізі қалыптасқан.

Мемлекет басшысы Корея Премьер-министріне қазақ-корей кәсіпкерлерінің дөңгелек үстеліне қатысқаны үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, іс-шара аясында қол қойылатын маңызды құжаттар екіжақты экономикалық ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен өтетін келіссөздердің маңызына ерекше тоқталды. Алдағы кездесулер Қазақстан мен Корея арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірілді.

Сонымен қатар Президент екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру міндетіне назар аударды. Бұл үшін сауда көлемін ұлғайтумен қатар, қосылған құны жоғары тауарлардың үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.

Осыған байланысты 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ өндірістік кооперация бойынша жеке жол картасын қалыптастыру ұсынылды. Мемлекет басшысы Қазақстанның Кореямен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға  растады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *