Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шик қазақ этноауылына барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шик Сеул қаласындағы Ханган саябағында орналасқан қазақ этноауылына барды. Мәдени нысанда мәртебелі меймандарға қазақ халқының тарихы мен дәстүрі, ұлттық өнері және мәдени мұрасы таныстырылды.

Этноауылда қазақтың дәстүрлі мәдениетін заманауи форматта таныстыруға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысы мен Корея Парламенті Спикері киіз үйді аралап, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын бейнелейтін «Жеті қазына» голографиялық инсталляциясын тамашалады.

Көрме экспозициясынан қазақ шеберлерінің қолынан шыққан дәстүрлі зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, сондай-ақ киізден жасалған сәндік және тұрмыстық бұйымдар орын алды. Бұл жәдігерлер арқылы қазақ халқының қолөнер дәстүрінің ерекшеліктері мен ұлттық мәдениеттің өзіндік сипаты көрсетілді.Меймандарға домбыра, дауылпаз, жетіген секілді ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. «Бірлік» би ансамблі мен Қазақстан Республикасы академиялық корей театрының балет труппасы бірлесіп өнер көрсетті.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шикке қазақтың дәстүрлі садақ ату өнері таныстырылып, мергендердің шеберлігі көрсетілді. Сонымен қатар диджитал-киіз үйде ұлттық баспананың заманауи технологиялар арқылы жаңғыртылған үлгісі ұсынылды.Панорамалы LED-экранда Қазақстан мен Корея халықтарының достығына, еліміздегі корей этносының тарихы мен мәдениетіне арналған бейнематериалдар көрсетілді.

Мәдени бағдарлама екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстардың мазмұнын кеңейтуге бағытталғанын көрсетті. Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуда мәдениет пен өнердің маңызы ерекше екені атап өтілді.Іс-шара соңында Ханган саябағының аспанына көтерілген дрондар Қазақстан мен Кореяның мемлекеттік туларының бейнесін қалыптастырды. Сондай-ақ «Қазақстан мен Корея – жарқын келешек жолында» деген жазуы бар дирижабль ұшырылды.

Этноауылдағы мәдени шара екі ел халықтарының өзара түсіністігі мен достығын дәріптеп, Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа мазмұнмен толығып келе жатқанын көрсетті.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *