Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елде білім алып, еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті.
Кездесу барысында Президент отандастарымыздың Кореядағы қызметі мен жетістіктеріне қызығушылық танытып, олардың оқу мен кәсіби бағыттағы жоспарларын тыңдады. Жүздесу еркін әрі жылы жағдайда өтіп, қатысушылар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталды. Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің тұрақты дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.
Президент жастардың сапалы білім алып, заманауи білім мен кәсіби дағдыларды меңгеруінің маңыздылығына назар аударды. Шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап жүрген қазақстандық жастардың алған білімін ел игілігіне пайдалануына кең мүмкіндік бар екенін айтты.Өз кезегінде Кореяда оқып және еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтары оқу барысы, кәсіби қызметі мен қол жеткізген нәтижелері туралы айтып берді. Олар өздерінің мақсат-міндеттерімен бөлісіп, алдағы жоспарларын таныстырды.
Кездесуде Қазақстан мен Корея арасындағы білім, ғылым, технология және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелеріне де назар аударылды. Қатысушылар екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуі қазақстандық жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.Мемлекет басшысы шетелде жүрген қазақстандықтардың елмен байланысын сақтауы маңызды екенін айтып, олардың бастамалары мен кәсіби жетістіктеріне табыс тіледі.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяда тұрып, білім алып және еңбек етіп жүрген барлық Қазақстан азаматтарына зор денсаулық, оқуда және қызметте жаңа жетістіктер, алға қойған мақсаттарының орындалуын тіледі.