Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде көпжақты ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына тоқталды.

Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы Орталық Азия мен Корея арасындағы өзара сауда көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асқан. Бұл көрсеткіштің шамамен жартысы Қазақстанға тиесілі. Корея Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып саналады. Бүгінде елімізде корей капиталының қатысуымен мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі тереңдету үшін «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды. Бұл тетік өндірісті оқшаулау, технология трансфері, өңірлік кооперация және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығару бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласын да маңызды басымдықтардың бірі ретінде атады. Қазіргі таңда жаһандық жеткізу тізбектеріндегі өзгерістер Орталық Азияның Шығыс пен Батысты байланыстыратын транзиттік хаб ретіндегі маңызын арттырып отыр.

Қазақстан транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамытуға ерекше мән берілуде. Соңғы алты жылда аталған бағыт бойынша жүк тасымалы бес есеге артқан. Алдағы уақытта оның өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Президент Кореяның көлік инфрақұрылымын осы бағыттармен ықпалдастырудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Атап айтқанда, Пусан порты мен Қазақстанның Каспий жағалауындағы порттары арасындағы ынтымақтастықты күшейту ұсынылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы энергетикалық қауіпсіздіктің маңызын атап өтті. Қазақстан жыл сайын шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіретін көмірсутегі саласындағы жетекші мемлекеттердің бірі ретінде бұл бағыттағы халықаралық әріптестікті дамытуға мүдделі екенін білдірді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *