Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде сөз сөйлеп, өңірдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану және Қазақстан мен Корея арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды.
Президент Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға деген ниетін жоғары бағалады. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси ахуал жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа елеулі әсер етіп отыр. Осындай жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенім ұзақмерзімді әрі нәтижелі бизнес-серіктестіктің маңызды негізіне айналады.Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның экономикалық әлеуетіне назар аударды. Өткен жылы өңір елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі 550 миллиард долларға жуықтап, экономикалық өсім 6 пайыздан асқан. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және көлік саласындағы ықпалдастықты кеңейту Орталық Азияның инвестициялық тартымдылығын арттыратынын атап өтті. Осы мүмкіндіктерді Кореяның өндірістік, технологиялық және қаржылық әлеуетімен ұштастыру өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынын айтты.Президент Қазақстанның өңір экономикасындағы маңызды рөлін де атап өтті. Орталық Азияның жиынтық ішкі жалпы өнімінің шамамен 60 пайызы және өңірге тартылатын шетелдік тікелей инвестицияның 70 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі.
Сапар аясында жалпы құны 19 миллиард долларға жуықтайтын 80-ге тарта коммерциялық келісімге қол қойылды. Мемлекет басшысы бұл келісімдердің нақты жобаларға айналуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтып, Үкімет корей кәсіпкерлеріне қажетті қолдау көрсететінін жеткізді.Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын 2027–2030 жылдарға арналған кешенді бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Президент өнеркәсіптік кооперацияны негізгі басымдықтардың бірі ретінде атады. Қазір Қазақстан мен Корея арасында құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жоба жүзеге асырылуда. Былтыр Қазақстанда 170 мыңнан астам автокөлік өндіріліп, оның көлемі 18 пайызға өсті. Hyundai мен Kia кәсіпорындары бұл көрсеткішке елеулі үлес қосты.