Шымкент қаласының Ақжайық шағын ауданында 200 орындық №2 қалалық перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Жаңа медициналық мекемеде әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған акушерлік және неонаталдық көмек көрсетіледі. Орталықта ауыр патологиясы бар жүкті әйелдерді емдеуге, сондай-ақ шұғыл босандыруды қажет ететін жағдайларда медициналық қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар қарастырылады.
Болашақ перинаталдық орталық 12 блоктан тұрады. Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы 38 мың шаршы метрді құрайды. Медициналық кешен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, акушерлік және неонаталдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа орталықтың іске қосылуы қала тұрғындары үшін ғана емес, Түркістан облысының Шымкентке іргелес аудандарында тұратын халық үшін де маңызды. Медициналық мекеме ана мен балаға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттырып, күрделі жағдайларда қажетті мамандандырылған қызметтерді алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта нысан құрылысының дайындық деңгейі 30 пайызды құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда. Жобаны толық аяқтау 2027 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Жаңа перинаталдық орталықтың салынуы Шымкент қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды жобалардың бірі саналады. Заманауи медициналық кешеннің пайдалануға берілуі ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін жетілдіруге, медициналық көмектің сапасын арттыруға және өңірдегі перинаталдық қызметтердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Қалада медициналық нысандарды дамыту және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.