Шымкентте Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаздық – ұлы міндет» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілдер, педагогика саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздар, жалпы 2 мыңға жуық адам қатысты.
Іс-шара барысында қала әкімі өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп, тәрбие қалыптастырудағы педагогтердің еңбегін атап өтті. Оның айтуынша, мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасау және балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету – қаланың басым бағыттарының бірі.
Ғабит Сыздықбеков білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Соңғы екі жылда Шымкентте 13 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Тұран, Shymkent City және Асар-2 шағынаудандарында үш жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар №7 IT мектеп-лицейін заманауи талаптарға сай жаңарту жоспарланған.
Салтанатты жиында білім саласының дамуына үлес қосып, заманауи педагогикалық әдістерді енгізген және кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген ұстаздар марапатталды. Қала әкімі Мемлекет басшысының атынан білім беру саласының үздік қызметкерлеріне «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыс етті. Сондай-ақ бірқатар педагог қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Пән олимпиадаларында, спорттық жарыстарда және түрлі байқауларда жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған мұғалімдерге де ерекше алғыс білдірілді.
Шымкент оқушыларының жетістіктері де білім саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Қаланың 80-нен астам түлегі әлемнің 100-ден астам жетекші университетінен шақырту алып, халықаралық білім беру гранттарының иегері атанды. Ал оқушылар халықаралық және республикалық пәндік жарыстарда 16 алтын, 44 күміс және 63 қола медаль жеңіп алды.
Бұл жетістіктер ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен табанды еңбегінің нәтижесі. Қалада білім сапасын арттыру, педагогтерді қолдау және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.