Президент тапсырмасы орындалды: Шымкентте 150 орындық оңалту орталығы ашылды

Шымкент қаласының Бозарық шағынауданында мүгедектігі бар азаматтарға арналған 150 орындық жаңа оңалту орталығы ашылды. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жаңа әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заманауи оңалту орталықтарының желісін дамыту аясында салынды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсанында басталып, жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды.

Орталық 5,3 гектар аумақта орналасқан. Ғимараттардың жалпы ауданы шамамен 22 мың шаршы метрді құрайды. Кешен медициналық, оңалту, спорттық, әлеуметтік және тұрғын инфрақұрылымды біріктіретін бес блоктан тұрады.

Мекеме I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық форматта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған. Мұнда келушілердің денсаулығын қалпына келтіруге, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және белсенді өмірге оралуына қажетті жағдайлар қарастырылған.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков орталықтың ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар кешенді көмек алып, қолайлы жағдайда оңалтудан өте алатын заманауи орталық ашылды. Мұнда денсаулықты қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуге және белсенді өмірге оралуға барлық мүмкіндік жасалған», – деді қала әкімі.

Жаңа кешеннің құрамында үш қабатты оңалту корпусы, емдік-сауықтыру бассейні, спорт және акт залдары, екі қабатты стационар, асхана, шеберханалар және басқа да қажетті бөлмелер бар. Бұл инфрақұрылым азаматтарға кешенді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Орталықтың пайдалануға берілуі қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа нысан мүгедектігі бар азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына, жеке мүмкіндіктерін дамытуына және өмір сапасын жақсартуына жағдай жасайды.

Шымкентте тұрғындардың қажеттіліктеріне сай әлеуметтік нысандарды дамыту және халықтың осал топтарына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *