Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Оман Сұлтанының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының тарихи маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Аса мәртебелі Сұлтан, елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұның тарихи мәні ерекше екеніне сенімдімін. Өйткені бұл елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Бұған дейін атап өткендей, өзара ықпалдастықтың әлеуеті мол. Мұны толығымен іске асыру қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Оманның сенімді серіктеске айналуы үшін барлық күш-жігер жұмсалатынын жеткізді. Сондай-ақ екі ел арасындағы туристік және коммерциялық байланыстарды кеңейтудің маңызын атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазақстандықтар Оманға ерекше құрметпен қарайды және елге саяхаттаушылардың қатары артып келеді. Осы орайда Қазақстан мен Оман арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу екіжақты барыс-келісті жандандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Сұлтанның сапары аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл қадам екі тараптың өзара қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін және нақты іс-қимылға дайын екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы аталған келісімді екі ел арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетудегі ортақ жетістік ретінде бағалады.
Келіссөздер Қазақстан мен Оман арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін толық іске асыруға бағытталды.