Қазақстан мен Оман стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту және экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Оман Сұлтанының Орталық Азияға алғашқы сапарының маңыздылығын атап өтті. Президент Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі сенімді серіктестерінің бірі ретінде бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын айтып, осы уақыт ішінде өзара достыққа, құрмет пен қолдауға негізделген берік байланыстар қалыптасқанын жеткізді.

– Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі санаймыз. Келесі жылы айтулы дата – Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтеміз. Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі сапарлар мен кездесулер ынтымақтастықтың жандануына ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтар бауырлас халықтарға нақты пайда әкеліп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру және денсаулық сақтау салаларын қамтитын бірқатар екіжақты келісімге қол қою жоспарланған. Сонымен қатар серіктестіктің басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылданады.

Президент бірлескен жобалардың іске асырылуын да оң бағалады. Олардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер Қазақстан мен Оман арасындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *