Қазақстан мен Оман екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі құжаттарға қол қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың алдағы бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті. Қол қойылған келісімдер инвестиция, әуе қатынасы, қаржы, энергетика және іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталған.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасында инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, сондай-ақ әуе қатынасы туралы келісімдер жасалды.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ мен Oman Investment Authority Оман ұлттық инвестициялық қоры арасында бірлескен инвестициялық құрылым құру және Blue City Rixos жобасын іске асырудың негізгі шарттары туралы келісімдерге қол қойылды. Бұл құжаттар инвестициялық әріптестікті кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.

Қаржы саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Оман Сұлтандығы Қаржы министрлігі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.

Іскерлік байланыстарды дамыту бағытында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Оман Сұлтандығы Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Қазақстан-Оман іскерлік кеңесін құру жөніндегі келісімге қол қойылды.

Энергетика саласында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен OQ Exploration & Production арасында геологиялық барлау бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

Бұдан бөлек, Еуразиялық даму банкі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасында банктің Оман аумағында қызмет ету шарттары туралы келісімге қол қойылды.

Аталған құжаттар Қазақстан мен Оман арасындағы экономикалық серіктестікті тереңдетуге, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Келісімдер екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтып, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *