Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанының аймақтық тұрақтылық пен дінаралық диалогты нығайтудағы рөлін атап өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің аймақтағы тұрақтылықты нығайту, дінаралық диалогты дамыту және гуманитарлық бастамаларды жүзеге асыру ісіндегі рөліне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы Оман Сұлтанының Қазақстанға жасаған тарихи сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуда маңызды кезең болатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің халықаралық аренадағы мәмілегерлік қызметіне тоқталып, оның түрлі тараптар арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Түрлі тараптар арасына дәнекер болып, өзара түсінісуіне талай мәрте ықпал еттіңіз. Осы алғырлығыңыз Оманды өңірлік және халықаралық қатынастарда салмағы бар елге айналдырды. Біз бұл ұстанымды жоғары бағалаймыз. Еліңіз шын мәнінде әділ әрі ешкімге бұра тартпайтын бейтарап мәмілегер саналады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Оманның бейбіт бастамаларды қолдауы мен тараптар арасындағы диалогты ілгерілетуге бағытталған саясаты халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды орын алады.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Оманның дінаралық түсіністікті дамытуға және гуманитарлық мәселелерді шешуге қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі халық арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ерекше мән беріп, Сұлтанның тарихи сапары Қазақстан мен Оман қарым-қатынастарының жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

– Сіздің тарихи сапарыңыз Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты қатынастар жылнамасында маңызды кезең ретінде жазылады. Аса мәртебелі Сұлтан, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесіңізді ескеріп, Сізге «Алтын Қыран» орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Алтын Қыран» орденін табыстау Қазақстан мен Оман арасындағы достық пен өзара құрметтің, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылыстың белгісі болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *