Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) барды.
Сапар барысында мәртебелі меймандарға орталықтың қызметі, негізгі жетістіктері және халықаралық инвестиция тарту бағытындағы мүмкіндіктері таныстырылды.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров орталық жұмысының нәтижелері туралы баяндап, Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық байланыстарды одан әрі жандандыру үшін ұсынылатын мүмкіндіктерге тоқталды.
АХҚО ашылғаннан бері Қазақстан экономикасына 28 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Қазіргі уақытта орталықта әлемнің 90 елінен келген 6600-ден астам компания тіркелген. Бұл көрсеткіштер АХҚО-ның халықаралық қаржы және инвестициялық алаң ретіндегі маңызын айқындайды.
Кездесу барысында екі ел басшыларына ағылшын құқығына негізделген АХҚО юрисдикциясының ерекшеліктері таныстырылды. Сондай-ақ орталықтың қаржы қызметтерін реттеу комитеттерінің, АХҚО Сотының және Халықаралық төрелік орталығының қызметі туралы ақпарат берілді.
Бұдан бөлек, исламдық қаржыландыру саласындағы мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Бұл бағыт Қазақстан мен Оман арасындағы қаржы-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік береді.
Мәртебелі меймандарға орталықтың цифрлық шешімдері де таныстырылды. Атап айтқанда, тәулік бойы консультациялық қолдау көрсететін AIDA (AIFC Intelligent Digital Assistant) интеллектуалдық ассистентінің жұмысы туралы мәлімет ұсынылды.
АХҚО-ға сапар Қазақстан мен Оман арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық әріптестікті дамыту және халықаралық қаржы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту тұрғысынан маңызды болды. Орталықтың құқықтық және институционалдық мүмкіндіктері екі елдің іскерлік байланыстарын тереңдетуге негіз бола алады.