Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі елдің жетекші компаниялары мен іскерлік топтарының өкілдері қатысып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі келіссөздердің өзара сенім мен түсіністік жағдайында өткенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, кездесулер ашық, объективті әрі мазмұнды сипатқа ие болды.
Президент Қазақстан мен Оман арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін келісімшарттық-құқықтық базаны және институционалдық негіздерді нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің рөліне ерекше назар аударды. Аталған құжат инвесторларға жобаларды іске асыру барысында түсінікті, ашық әрі сенімді жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытудың маңызын да атап өтті. Бұл ретте Қазақстан-Оман іскерлік кеңесінің әлеуетіне тоқталды.
– Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент бірлескен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретін тиімді тетіктерді дамытудың қажеттігін жеткізді.
– Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптаймыз. Бұл маңызды бастама нақты жобаларды қаржыландыруға арналған капиталды біріктіруге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі елдің қаржы институттары арасында тікелей байланыс орнату инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ Оманның жаңадан құрылған халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық орнатудың әлеуетін жоғары бағалады.
Қазақ-оман бизнес форумы екі ел кәсіпкерлерінің өзара байланысын нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және ұзақ мерзімді экономикалық серіктестікті дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.