Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі мен Патшайымымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Королі Филипппен және Патшайым Матильдамен кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы мәртебелі қонақтарға ілтипат білдіріп, олардың Қазақстанға және Орталық Азияға тарихта алғаш рет мемлекеттік сапармен келуінің маңызын атап өтті.

Президент бұл жүздесу екі мемлекет арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды оқиға екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипптің өз халқына адал қызметін жоғары бағалап, оның басшылығымен Бельгияның халықаралық аренадағы беделі нығая түскенін атап өтті. Сондай-ақ Бельгия қоғамындағы түрлі қауымдастықтар арасындағы келісім мен өзара түсіністікті қалыптастыру жолындағы еңбегіне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін де ел бірлігі мен қоғамдағы келісімнің маңызы зор екенін айтты. «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының мәніне назар аударып, әрбір азаматтың ел болашағына үлес қосуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Президент Король әулетінің кәсіпкерлікті, білім мен инновацияны дамытуға және Бельгия бизнесіне қолдау көрсетуге бағытталған бастамаларын да жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл тәжірибе экономикалық және қоғамдық дамуға үлгі бола алады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Патшайым Матильданың балалардың құқықтарын қорғау, білім беру және адам қадір-қасиетін құрметтеу бағытындағы қызметіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы оның осы салалардағы жанашырлығы мен қайырымдылық бастамаларының маңызын атап өтті.

Қазақстан мен Бельгия арасындағы байланыстарды дамытуда мұндай жоғары деңгейдегі кездесулердің орны ерекше. Мемлекеттік сапар екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *