Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Королі Филипп бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Бельгия Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапарының маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.
Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашып, қос халықтың достығын нығайтуға ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипптің парасатты басшылығын жоғары бағалап, оның Бельгиядағы түрлі қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Корольдің Қазақстанмен байланыстарды дамытуға деген ұмтылысына ризашылығын білдірді.
Брифинг барысында Президент екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөздердің нәтижелі болғанын жеткізді. Тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады. Мемлекет басшысы екі ел арасында шешілмеген саяси мәселелердің жоқтығы ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалыптастыратынын айтты.
Экономикалық ықпалдастық екіжақты серіктестіктің негізгі тіректерінің бірі ретінде белгіленді. Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. 2005 жылдан бері Бельгияның Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асқан.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар көлік-логистика, маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты.
Мемлекет басшысы екі елдің өзара тиімді әріптестігін тереңдетуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер Қазақстан-Бельгия байланыстарын жаңа белеске көтеріп, экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады.