Мемлекет басшысы Бельгия Королі мен Патшайымымен бірге Ұлттық балаларды оңалту орталығына барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипппен және Патшайым Матильдамен бірге Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығын аралап көрді. Сапар барысында мәртебелі меймандар мекеменің жұмысымен, балаларға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік көмектің түрлерімен танысты.

Орталық мамандары дамуында ерекшеліктері бар балаларға кешенді көмек көрсету тәртібін таныстырып, оңалту саласында қолданылатын заманауи әдістер туралы баяндады. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар балалардың коммуникативтік дағдыларын, танымдық қабілеттерін және өз бетінше әрекет ету мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған медициналық, психологиялық-педагогикалық оңалту мен әлеуметтік бейімдеу жұмыстарына басымдық берілген.

Балаларды оңалту барысында жеке қалпына келтіру бағдарламалары әзірленіп, роботтандырылған реабилитация технологиялары да қолданылады. Бұл тәсілдер әр баланың қажеттілігіне сәйкес оңалту шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.

Орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі – балалардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік ортаға толыққанды араласуына жағдай жасау. Мұнда олардың даму мүмкіндіктерін кеңейтуге, күнделікті өмірде дербестігін арттыруға және отбасыларына қолдау көрсетуге ерекше мән беріледі.

Сапар барысында Король Филипп пен Патшайым Матильда балалармен, олардың ата-аналарымен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Сондай-ақ мәртебелі меймандар орталық ұйымдастырған интерактивті бағдарламаға қатысып, Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Ұлттық балаларды оңалту орталығы психоневрологиялық аурулары, сөйлеу және когнитивтік дамуында, мінез-құлқында бұзылыстары бар балаларға, соның ішінде церебралды сал ауруы мен аутизм спектрінің бұзылыстары бар пациенттерге кешенді көмек көрсетеді.

Жыл сайын еліміздің барлық өңірінен 5 мыңнан астам бала орталықта оңалту қызметтерін алады. Бұл мекеме ерекше қажеттіліктері бар балалардың денсаулығын жақсартуға, әлеуетін дамытуға және қоғам өміріне белсенді араласуына үлес қосып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *