ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТУ – ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕ ТІЛДЕРДІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРУ ЕМЕС

Қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады.

Бүгінде  қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр.

Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр. Оларға  барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз. Қазақ тілін дамыту – Еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды. Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр.

Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей. Бір Тілді  басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын  өз көзімізбен көріп жатырмыз.  Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек.

Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек.    Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге  көрсете алмайды, басқа Елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды.

Мемлекеттік тілдің дамуы – қоғамдағы өзара түсіністік пен ұлттық тұтастықты нығайтудың маңызды факторы. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту ең алдымен азаматтарға сапалы білім алуға, мемлекеттік қызметтерді еркін пайдалануға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл ретте еліміздегі барлық этнос өкілдерінің тілдік және мәдени ерекшеліктеріне құрметпен қарау маңызды. Өйткені Қазақстанның басты құндылығы – халықтың бірлігі, қоғамдық келісім және өзара сыйластық. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру осы құндылықтармен үйлесімді жүзеге асырылғанда ғана нақты әрі ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізуге болады.

Сонымен қатар, қазақ тілін ғылым, білім, ақпараттық технологиялар, кәсіпкерлік және халықаралық байланыстар саласында кеңінен қолдануға басымдық беру қажет. Әсіресе, жас ұрпақтың мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне, заманауи цифрлық платформалар арқылы білім алуына және қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық ресурстардың көбеюіне жағдай жасалуы тиіс.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *